
Бұл бастама футболды дәріптеуге, балалар мен жастарды спортпен тұрақты шұғылдануға тартуға, бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға, сондай-ақ еліміздің өңірлерінде футболдың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бағдарлама аясында бүкіл Қазақстан бойынша балалар, жасөспірімдер мен футбол әуесқойларының қатысуымен футбол турнирлері, фестивальдер, ашық жаттығулар, жолдастық матчтар және өзге де спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Астанада 10 жасқа дейінгі балалар арасында 3х3 форматында футбол фестивалі өтті. Жас футболшылар өз шеберліктерін паш етіп, ойын тәжірибесін жинақтап, қатарластарымен жарысуға мүмкіндік алды.
Осындай іс-шаралар Қазақстанның өзге де қалалары мен өңірлерінде жалғасын тапты. Қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырушылар футбол дағдыларын дамытуға және спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған әртүрлі ойын форматтарында жарыстар өткізді.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жекелей жүлде иегерлері Қазақстан футбол федерациясының естелік сыйлықтарымен марапатталды.
УЕФА-ның Бұқаралық футбол апталығын өткізу – ҚФФ-ның бұқаралық және әуесқой футболды дамыту, спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін кеңейту және еліміздің барлық өңірлерінде балалар мен жастарды футболға тарту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі.