
ФИФА өз тарихында алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен 190-ға жуық ұлттық құраманың басын қосып, 15 жасқа дейінгі футболшыларға арналған осындай ауқымды халықаралық турнир ұйымдастырып отыр.
FIFA U-15 World Cup & Festival – Халықаралық футбол федерациясының жасөспірімдер футболын дамытуға және елдеріндегі футболдың даму деңгейіне қарамастан жас ойыншыларға тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған жаңа жобасы.
Жарысқа ФИФА-ның барлық алты құрлықтық конфедерациясының өкілдері қатысады. Қатысушылар қатарында Бразилия, Аргентина, Франция, Англия, Испания, Германия, Италия, Португалия және тағы басқа елдердің құрамалары бар.
Турнирдің басты ерекшелігі – оның бірегей форматы. Матчтар өлшемі 68 де 47 метр болатын алаңдарда 8х8 форматында өтеді. Әр кездесудің ұзақтығы 40 минутты (20 минуттан екі тайм) құрайды.
Жалпы саны 950-ге жуық матч жоспарланған. Ойындар 20 футбол алаңы бар, арнайы дайындалған Hovsan Competition Complex кешенінде өтеді. Ал финалдық кездесулер Baku Crystal Hall аренасында ұйымдастырылады.
Жарыс форматы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде командалар топтарға бөлініп, төрт-бес матчтан өткізеді. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша қатысушылар спорттық көрсеткіштеріне қарай алты деңгейге бөлінеді.
Екінші кезеңде командалар өз деңгейлеріне сәйкес келетін қарсыластармен бақ сынасады. Әр қатысушы тағы төрт-бес ойын өткізеді. Алты деңгейдің әрқайсысында жеңімпаздар анықталып, жоғары деңгейдегі (Tier A) ең мықты команда тарихтағы тұңғыш FIFA U-15 World Cup & Festival жеңімпазы атанады.
Осылайша, әрбір құрама турнир барысында кемінде тоғыз халықаралық матч өткізу мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстан құрамасы Багам аралдары, Гана, Гуам, Мьянма және Өзбекстан құрамаларымен бірге W тобында өнер көрсетеді.
Бірінші кезеңде қазақстандық футболшылар үш ойын күні ішінде бес матч өткізеді.
Қазақстан U-15 құрамасы матчтарының кестесі (Астана уақытымен):
24 қазан 13:45 – Багам аралдары – Қазақстан
25 қазан 12:30 – Қазақстан – Гуам 19:15 – Өзбекстан – Қазақстан
26 қазан 11:15 – Қазақстан – Мьянма 18:00 – Гана – Қазақстан
Топтық кезең аяқталғаннан кейін Қазақстан құрамасы жарысты әрі қарай жалғастырады. Қарсыластар алғашқы үш ойын күнінің қорытындысы бойынша белгілі болады.
Қазақстан U-15 құрамасының ойыншылар тізімі
Бас бапкер Есімбек Нұрахметов команда құрамына 2011 жылы туған 14 футболшыны шақырды.
Қақпашылар: Дінмұхамед Серік («Ордабасы»), Омар Әділет (ҚФФ академиясы)
Қорғаушылар: Әбужүсіп Жансейіт (ҚФФ академиясы), Арсен Әміржан («Астана»), Бағытжан Ернат (ҚФФ академиясы), Нұрасыл Сейдазым («Ордабасы»), Әбибулла Зейнулла (ҚФФ академиясы)
Жартылай қорғаушылар: Қуандық Әлихан (ҚФФ академиясы), Артур Абдущеев (ҚФФ академиясы), Әділхан Абзал (ҚФФ академиясы), Ибатулла Ерасыл (ҚФФ академиясы), Серік Жәңгір (ҚФФ академиясы)
Шабуылшылар: Кәрім Мендиканов («Барселона», Испания), Әділет Орынбасар («Ақтөбе»)
Бапкерлер штабы: Бас бапкер – Есімбек Нұрахметов, Бапкердің көмекшісі – Виталий Астафьев, Қақпашылар бапкері – Олжас Тұртулов, Дәрігер – Ермұрат Базылов, Массаж жасаушы – Ердос Қалимов, Қауіпсіздік және балаларды қорғау офицері (Safeguarding) – Артур Темірханов, команда менеджері – Руслан Сайхан.