КФФБұқаралық футбол

6 қазан 2026

Никита Мозговой: «Қазақстан Әуесқой лигасы» әуесқойларға Қазақстан Кубогы мен Еуропаға жол ашады»

– Никита, «Қазақстан Әуесқой лигасының» екінші маусымы қалай өтті?

– Біз үшін басты қорытынды – турнир 200 команда мен 5000-нан астам футболшыны біріктірді. Бұл сандардың артында футболды жақсы көретін, команда жинап, жаттығулар мен матчтарға уақыт табатын адамдар тұр. Біздің міндетіміз – олардың ұйымдастырылған чемпионатта тұрақты ойнап, республикалық деңгейге шығу үшін бақ сынауына мүмкіндік жасау. Бұл маусымда аймақтық кезең 15 өңірді қамтыды. Бірінші кезекте жарысты жоғары деңгейде өткізгені үшін жергілікті футбол федерацияларына алғыс айтқым келеді. Олардың өңірлердегі еңбегі – бүкіл турнирдің іргетасы.

– Чемпионат жүйесі қалай құрылған және финалдық кезеңде ойнау құқығына кімдер ие болады?

– «Қазақстан Әуесқой лигасы» – әуесқой командалар арасындағы Қазақстан чемпионаты, ол екі кезеңнен тұрады. Аймақтық жарыстарды жергілікті футбол федерациялары ұйымдастырады. Оның қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚФФ өткізетін финалдық кезеңде өз өңірінің намысын қорғау мүмкіндігіне ие болады. Алдыңғы маусымның жеңімпаздары да финалдық кезеңге қатыса алады, бірақ бір міндетті шарт бар: олар жаңа маусымда аймақтық кезеңде ойнауы тиіс. Біз үшін командалардың өз өңірінің футбол өміріне тұрақты қатысып тұруы маңызды.

– Қатысушылар саны бойынша қай өңірлер көш бастады?

– Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысынан 27 командадан өнер көрсетті. Солтүстік Қазақстан облысында 20, ал Жамбыл облысында 18 команда бақ сынады. Кейбір өңірлерде жарыстар екі лигада өтеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында әр лигаға он командадан бөлінсе, Жамбыл облысында он және сегіз командадан топтастырылған. Мұндай формат жарысты қатысушылар саны мен жергілікті жағдайларды ескере отырып ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

– Чемпионатты өткізуде «ГОЛ» бағдарламасының рөлі қандай?

– Жарыстар арнайы әзірленген «ГОЛ» қаржыландыру бағдарламасы аясында өтеді. Ол өңірлердегі бұқаралық әуесқой футболды дамытуға үлкен септігін тигізеді. Біз үшін әуесқой футболдың тұрақты күнтізбесі болғаны маңызды. Команда кіммен, қайда ойнайтынын, неге дайындалып, не үшін таласатынын білген кезде, жаттығуды жалғастыруға және жарыстарға қатысуға деген құлшыныс арта түседі. Чемпионат дәл осы мүмкіндікті сыйлайды.

– Биыл финалдық кезең Өскеменде өтті. Ұйымдастыру жағдайын қалай бағалайсыз?

– Финалдық кезең жоғары деңгейде өтті, командаларға «Алтай» ФК стадионында тамаша жағдай жасалды. Ұйымдастыру жұмыстарына көмектесіп, финалды Өскеменде өткізуге мүмкіндік бергені үшін Шығыс Қазақстан облысының футбол федерациясына, әкімдік пен өңірлік Дене шынықтыру және спорт басқармасына ерекше алғыс білдіргім келеді. Біз финалдық жарыстарды жыл сайын еліміздің әртүрлі қалаларында өткізуге тырысамыз. Бұл өңірлердегі әуесқой футболға назар аударуға көмектеседі. Жергілікті жанкүйерлер үшін бұл – үздік командаларды көру мүмкіндігі болса, ал ұйымдастырушылар үшін республикалық турнир өткізу тәжірибесі.

– Басқа қалалардағы жанкүйерлер матчтарды тамашалай алды ма?

– Иә, матчтар KFF YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілді. Стадионға келе алмаған туыстары, достары мен жанкүйерлері өз командаларына сырттай қолдау көрсете алды. Әуесқой футбол үшін мұндай қолжетімділік өте маңызды. Ойыншылар өз өңірінің намысын қорғайды, сондықтан олардың ойынын бүкіл ел көре алғанын қалаймыз.

– Лига қатысушылары Қазақстан Кубогында ойнау мүмкіндігіне ие болады. Бұл турнир үшін қаншалықты маңызды?

– Бұл басты спорттық мотивациялардың бірі. Осы маусымның жеңімпазы мен жүлдегері 2027 жылғы Қазақстан Кубогына қатысу құқығына ие болады. 2026 жылғы турнирге 2025 жылғы маусымның қорытындысы бойынша жолдама жеңіп алған BKS және Zhelaev Nan командалары қатысты. Әуесқой команда үшін ел кубогына шығу – үлкен қадам. Бұл өз күшін басқа деңгейде сынап, өңірден тыс жерде танылуға берілген зор мүмкіндік. Қатысушылар лигадағы табыс оларға жаңа белестер ашатынын көріп отыр.

– Халықаралық мүмкіндік те бар екен. УЕФА Аймақтар кубогына қалай жолдама алуға болады?

– Әр екі жыл сайын екі маусымның жеңімпаздары арасында Гранд-финал өтеді. Онда УЕФА құрамына кіретін елдердің әуесқой командаларына арналған халықаралық турнир – УЕФА Аймақтар кубогына жолдама сарапқа салынады. Бұл турнирді әуесқой командаларға арналған Чемпиондар лигасы деуге болады. Осылайша, спорттық жол өте айқын: команда аймақтық чемпионаттан бастайды, финалдық кезеңге шығады және еуропалық аренада Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігі үшін таласады. Әуесқой футболшылар үшін бұл – үлкен мақсат. Біз олардың осы мақсатқа жетуіне барлық жағдай мен мүмкіндікті жасағымыз келеді.

Никита Мозговой: «Қазақстан Әуесқой лигасы» әуесқойларға Қазақстан Кубогы мен Еуропаға жол ашады»