КФФБұқаралық футбол

11 қыркүйек 2026

ҚФФ селекционерлері «ҚФФ Жастар чемпионатының» финалдық кезеңінде ойыншыларды бақылайды

Ойыншыларды бақылау 5-17 қыркүйек аралығында Өскемен, Шымкент, Петропавл және Алматыда өтуде.

Алаңдағы жұмысты жаттықтырушы-селекционерлер И. Азовский, В. Никитенко, С. Пак және И. Шпанёра жүргізеді. Олардың міндеті – Қазақстан жасөспірімдер құрамаларына үміткер ретінде қаралатын әлеуеті жоғары футболшыларды іздеу, талдау және іріктеу.

Селекциялық жұмыс турнирдің бүкіл финалдық кезеңін қамтиды. Жаттықтырушылар ойыншыларды тікелей матчтар барысында бағалап, олардың жеке сипаттамаларын тіркейді және үміткерлердің кеңейтілген тізімін қалыптастырады. Бақылау қорытындысы бойынша іріктелген футболшылар ҚФФ Академиясындағы селекциялық оқу-жаттығу жиынына шақырылады.

«ҚФФ Жастар чемпионаты» – футбол клубтарының жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты. Бұл академия ойыншылары үшін негізгі жарыс алаңдарының бірі әрі елдің жасөспірімдер құрамаларын толықтырудың басты көздерінің бірі.

ҚФФ селекционерлері «ҚФФ Жастар чемпионатының» финалдық кезеңінде ойыншыларды бақылайды